(А.Байтұрсынұлының аудармасындағы «кемпірназ» сөзінен туған ой)

«Алаш» мұраларын ақтарып отырған кісі сан мыңдаған ғажап ұлы сөздерге кездеседі. Кемелді адам, кемеңгер жұрт, керемет ел болудың барлық жолдарын Алаш арыстары көрсетіп кеткендей. Бір ғана ұлт ұстазы Ахмет (Өзі Ақымет деп жазған. – Ә.А.) Байтұрсынұлының кезкелген еңбектерінен соны анық көруге болады. Еліміздің «Жаңа Қазақстан» құру жолына қадам қойғаны рас болса, Алаштықтарды аттап өтіп кетпеуі тиіс. Мен алыстан орағытып оқырманды жалықтырмай, сөздің төтесіне көшейін.

Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы», «Тіл – құрал» және «Сауат ашқыш»  оқулықтарын қанша рет ақтарғаным есімде жоқ. Ахаң мұраларын қарастырып жүрген азаматтардың бірі ретінде айтарым, ғалымның кітаптарының әр жолы әр парағын оқыған сайын, тың тіркес, тұшымды ілімге кенеліп отырасыз.

Бүгін Ахаңның 1926 жылы сауатсыз үлкендерге арнап жазған «Сауат ашқыш» атты оқулығын қайта бір рет қарап отырып, ғылым ғұламасының «Қырық мысалынан» алынған «Иттер достығына» көз жүгірттім. «Иттер достығынан» не көргенімді айтпас бұрын, ұлт ұстазының «Сауат ашқышының» алғы бетіне (мұқабасына) назарыңызды бұрайын:

Кітаптың мұқабасында жазылған сөздер төмендегідей, түсінікті болуы үшін, бәрін де түпнұсқа бойынша бердік:

БАЙТҰРСЫН ҰЛЫ АҚЫМЕТ

САУАТ АШҚЫШ

Дыбыс əдіс жолымен тəртіптелген қазақша əліпбій

Сауатсыз үлкендер үшін 1- кітап

Бастырыушы Қазақыстан оқыу кемесерійеті

Енді алғашқы беттегі осы төрт жол сөзге бір-бірден тоқталайық:

  1. Байтұрсын ұлы Ақымет. Автор көптеген кітаптарында аты-жөнін «Байтұрсын ұлы Ақымет» деп жазып келді. «Х» дыбысын ғалым 1924 жылдан кейін төте жазудан алып тастады да, шеттен енген «х» дыбсындағы сөздерді түгелдей қазақтың төл «қ» дыбысы арқылы таңбалайды. «Хан», «хат», «халық», «Ахмет», «рахмет», т.б. сөздер түгелдей «қан», «қат», «қалық», «Ақымет», «рақымет», т.б.  болып жазылды. Ғалымның мұнысы ана тілімізді жат сөздердің шыбарлауынан сақтану үшін жасаған ұлы тәуекелдерінің бірі еді. Сол жылы Ахаң әліпбиден «х»-дан сырт, «ф», «ч», «һ»-ларды да шығарғанын еске салайық. Осы жерден бүгінгі таңда «рахмет» пе, «рақмет» пе деп жүрген сауалдың жауабы өздігінен табыла кетеді. Ахаң ешуақытта өз аты мен "рахмет" сөзін «Ақмет», «рақмет» деп жазбаған.Қазақ тілінің дыбыс жүйесіне сәйкес қатаң дыбыс пен ұяң не үнді дыбыс қатар келе алмайды. Сондықтан олардың арасында дәнекер ы не і дыбыстары түседі. Бұл да бүгінгі ұрпақ ескерер іс.
  2. Сауат ашқыш. Сауатсыз үлкендерге арналған бұл оқулық өзімен бір жылда шыққанына қарамастан (1926 ж.), мектеп оқушыларына арналған «Әліпби – жаңа құрал» атты оқулыққа ұқсамайды. Бұл оқулықтың мазмұны 1921 жылы Семейден басылым көрген «Үлкендерге арналған "Оқу құралына"» жақын. Дегенмен, аталған оқулықтардың  екінші бөлімінде келтірілген мәтіндерде айырмашылық көп. Сондықтан, зерттеушілер ғылыми тұрғыда үлкендерге арналған «Сауат ашқыш» пен үлкендерге арналған «Оқу құралын» бөлек қарастырулары  керек. Ал, ұлт ұстазының «Оқу құралы» деген атпен шыққан оқулықтарының аты ұқсас болғанымен, олар арасындағы айырмашылықтар  туралы ұшан-теңіз әңгіме айтуға болады. Қызығушыларға Ахаң мұраларын зерттеген ғалымдар еңбектерін парақтауға және өзім жазған «А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» туралы» атты мақаламды оқуды ұсынамын.
  3. Дыбыс əдіс жолымен тəртіптелген қазақша əліпбій. А.байтұрсынұлы өзі жазған бірнеше оқулықтарда «Усул сотие жолы», «Жаңа жол», «Дыбыс әдіс жолы» және «Тұтас сөз әдісі жолы» қатарлы бірнеше әдіс жолдарын пайаланған. Автордың оқулықтарының айқара бетінен аталған әдіс жолдарының қайсысын қолданғаны жазылып отырады. «Оқу құралы», «Сауат ашқыш», «Әліпби – Жаңа құрал», «Баяншы» қатарлы оқулықтарының бәрінен осы ескертпені көруге болады.

Осы жерде біз тәртіптелген деген сөзге де тоқтала кетейік: тәртіптелуді баршамыз түсініп отырмыз. Бірақ, алаштың Ахметі бұл жерде бұл сөзді бүгінгі біз қолданып жүрген «Тәртіптел етістігінің қимыл атауы» (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 14-том. / Құраст.: М.Малмақов, Қ.Есенова, Б.Хинаят және т.б. – Алматы, 2011. 800 б.) орнына емес, осы кітапты дыбыс әдіс жолы деген оқыту әдістемесін әбден зерттеп, сол зерттеуі негізінде жазылып шыққан оқулық екенін меңзеп отыр. Яғни аталған оқулықты құрастырушы да, жазушы да, шығарушы да А.Байтұрсынұлының өзі болғандықтан, осы бірнеше жұмысты білдіретін «тәртіптеу» сөзін осы арада  әп-әсем қолданып отыр. Және бұл тәртіптелу термині қаламгерлердің сол кезеңде басылым көрген еңбектерінде де  емін-еркін қолданыста болған.

Тағы бір сөз «әліпбидің» «әліпбій» болып жазылуы. Байтұрсынұлы Ақыметтің еңбектерінің еш бірінде қазақта дауысты иә жартылай дауысты «и» дыбыс бар деген тіркес кездеспейді. Қазақта жалғыз ғана дауыссыз «й» бар. Сондықтан, Ахаңның да, «Алаштың» өзге алыптарының да еңбектерінде «й» дауыссыз болып тұрақтанған. Шын мәнінде тілімізде «и» деген дауысты дыбыс жоқ. Сол кезеңдегі кез келген басылымда «й» қатысқан сөздер «бій», «сый», «сыйлық», «сыйақты», «құпыйа», т.б. болып жазылған.

  1. Сауатсыз үлкендер үшін 1- кітап. Жоғарыда атап өткеніміздей Ахаңның бұл оқулығының ішкі мазмұндары балаларға арнаған оқулықтарынан мүлде бөлек. Үлкендер сауатын ашқаннан кейін қазақтың тарихи жырларын, шешендік сөздерін, аудамаларды, мысал әңгімелерді оқиды. Ал, балалардың жасына қарай бұл мазмұндар жеңілдетіліп берілген. Осы тұрғыдан алғанда да, Ахмет Байтұрсынұлы өте озық ойлы әдіскер (методист) болғанына көз жеткізу қиынға соқпайды.
  2. Бастырыушы Қазақыстан оқыу кемесерійеті. Бұл оқулықтың айқара (титул) бетіндегі жазу. Бұл жерде алдымен «бастырудың» «бастыр-ыу», «оқудың» «оқыу» болып жазылғанына бүгінгі таңдағы оқырман таңдануы әбден мүмкін. Бірақ, бұл жерде де Ахмет қазақта «у» деген дауысты дыбыс жоқтығын көрсетіп отыр. Ахмет қана емес, күллі Алаш зиялылары «алыу», «келіу» деп жазды. Тек «су», «бу» сияқты сөздерде «ұ» анық естіліп тұрған жерлерде ғана  «сұу», «бұу» деп жазды. Әсіресе, 1924 жылдан бастап Ахаң өз қасынан табылған Елдес Омарұлы, Халел Досмұхаммедұлы қатарлы ғалымдармен кеңесе отырып,  «у» мен «й» мәселесін осылай тұрақтандырды.

Тағы бірі, Қазақстанның «Қазақыстан» болып жазылуы. Ешбір қазақ «ыстанды» «стан» деп айтпайтынын айта салсақ та жетеді-ау. Тіптен, Ахаң бұл туралы «Қазақыстан мен Қазағыстан туралы» деген мақала да жазған болатын.

Енді бір сөз «кемесерійеті». Бұл енді көпке таныс «комиссариаты» деген сөз. 1922-жылы Терминдерді қазақшаластыратын комиссия (кемесійе) құрылғанда «шеттен енген сөздерге: алдымен, барынша қазақша балама табу; туыстас түрік жұрттары қалай алса солардан алу; Еуропа сөзін қазақ тілінің төл заңдылығына сындырып алу» деген үш принципті басшылыққа алу көзделгені белгілі. Сол үрдіс бойынша шеттен енген сөздерді қазақтың төл сөздерін терминдендіріп, қаншама көп әрі ғажап терминдер жасағанын бүгінгі жұрттың бірі білсе бірі білмейді. Бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, зат есім, сын есім, етістік, пішіндеме, кескіндеме, үшкіл, төрткіл, көпкіл, теңгіл, т.б. терминдердің Ахаңдар мен Елдестерден, Алаш ордадан жеткен баламасыз байлық екенін еске сақтағанымыз жөн. Ал, комиссариатты «кемесерійет», конференцияны «кәнперенсе», комитетті «кәмійтет», физиканы «пійзійке»,т.б. деп «қазақшаға сындырып» алуы да тіл тазалығын сақтау үшін қолданған ең ұлы ұстанымдары еді. Біз «Елдес Омарұлының терминжасам ұстанымдары» атты магистрлік диссертарциямызда және Алаштың терминжасамы туралы жазбаларымыз бен сұхбаттарымызда бұл турлы көбірек айтып, жазып келеміз. Әрине, біз бұл жерде ештеңені жоқтан жонып таппадық. Өткен ғасырдың басындағы Ахаң  бастаған ұлт қайраткерлерінің еңбектерінен және қазіргі тәуелсіз еліміздегі ағабуын алаштанушылардың еңбектерінен оқып, түйгенімізді ортаға салып жүрміз.

Мінеки, көріп отырғанымыздай, ұлт ұстазының  «Сауат ашқыш» оқулығының мұқабасындағы бірнеше сөзден осыншама ұзақ әңгіме айттық. Демек, біз үшін Ахаңның әрбір кітабының ішіндегі әр сөзі мен әр әрпі бағалы. Әр сөзінде қорғасыннан ауыр салмақ жатыр.

Енді біз жазбамыздың тақырыбында айтылған «кемпірназ» сөзіне тоқталып өтейік:

Өз басым «кемпірназ» деген  бұл сөзді Ахмет Байтұрсынұлының Криловтан аударған «Иттер достығы» атты өлеңінен тұңғыш рет кезіктірдім. Мүмкін, кей оқырманға бұл сөз таңсық та емес шығар. Түсінікті болуы үшін, өлеңнің сол сөз жазылған бөлегін  көрсете кетейік:

Бір байдың Төрт көз, Мойнақ төбеттері,

Өздері ійт болса да əдепті еді.

Түнде үріп, күндіз үрмей жай жататұн,

Болады əдепті ійттің əдеттері.

Түс мезгіл еді төбет тойып жатып,

Кемпір наз өкпелерін қойып жатып.

Ac үйдің алдындағы күн шұуақта,

Сөйлесті əр нəрсенің басын шатып.

................

Өлең біршама ұзақ. Мазмұнында: екеуіміз бүгіннен бастап тату болайық десіп, жақсы сөздердің бәрін айтысып, құшақтасып, уәделескен екі иттің ортасына иесі сүйек тастай салғанда, ескі әдеттеріне басып ырылдасып таласқаны айтылады. Бұлай таласу иттерге жарасады, бірақ кей адамдар мұндай жағдайда иттен бетер таласады деп өлең  аяқталады. Біз өлең мазмұнына талдау жасауды өзімізге міндет санамай, аталған «кемпірназ» сөзіне тоқталайық.

«Кемпірназ» атты бұл сөз туралы қолымдағы сөзіктерден нақты анықтама таба алмадым. Бірақ, кемпірлер (әжелер) кейбір жүрек сырларын шай ішіп отырып, шүңкілдесіп айтысып алатыны бар. Сол тұрғыдан қарай отырып, бұл сөздің зілсіз, кексіз, кешіруге болатын жеңіл-желпі өкпе мағынасын беретініне көз жеткіздік.

Ал тілімізде «кемпірмен» қосарланып аталатын кемпіртас, кемпіршаш, кемпіршөп, кемпір бет, кемпіршуақ, кемпірауыз, кемпірқосақ, кемпірқасақ, кемпір өлді, кемпірқауын, кемпір-кешек, кемпір-семпір, кемпір-сампыр, кемпір келсін, т.б. көптеген сөздер бар екенін де еске сала кетейік. Қазақтың кейбір сөздерін жасы келген аналарымызбен (кемпірлермен) бірлестіре атауында да қызықты сыр жатыр. Ал, біз оймақтай ойдан ордалы сөз тудырған «кемпірназ» сөзінің басқа материалдарда қалай қолданылғанына назар аударалық.

«Кемпірназ» сөзі Ахметтің аталған аударма өлеңінен кейін,  тағы да ХХ ғасыр басындағы «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде кездеседі.

«Сарыарқа» (1917-1979) газетінде басылған Алаш ұлдарының бірі жазған «Қазіргі мемлекет күйі» атты үндеу  мақаладағы  мына тіркесте «кемпірназ» сөзі бар:

Алаш күшін оңға бастаңдар! Жұрт жұмысына жұмылып, отбасындағы кемпірназ араздықты тастаңдар! (Алаш көсемсөзі, 10-том, 78 б.)

Ал тағы да аталған басылымда  «Жер мəселесі» атты мақалада төмендегі тіркес кездеседі:

Переселен мекемесінің бұрынғы істеген жұмысы қазақ пен крестьян ортасына кемпірназ өкпе кіргізіпті. (Сақ Қ. Алаш көсемсөзі: Жер мəселесі. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2014. Т. 1. – 400 бет).

Міне, осыдан жүз жыл бұрынғы матеиалдарда кездесетін, сол кездегі екінің бірі білетін «кемпірназ» сөзінің төркініне үңілу барысында біз де оқырманға бірмұнша сөзт айттық. Ал арғы бетте (ҚХР, Алтай) өмір сүрген белгілі қаламгер Мидхат Разданұлының Шәкәрім еңбектері туралы көлемді мақаласында біз тілге алып отырған, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының Криловтан аударған «Иттер достығы» атты өлеңін 1931-1937 жылдар арасында Алтай бетіндегі білім қуған жастарға  Шәкәрімінің ұлы апарып, оларға  жаттауды тапсырғанын айтады. Осы арқылы біздің тілімізге тиек болып отырған «кемпірназ» сөзі де Ахаңның өлеңімен бірге Шығыстағы қандастардың санасына көркем әдебиет арқылы тіптен орнай түседі (Мидхат Разданұлы: Шәкәрім өлеңдері және «Үш анық» жөнінде | https://qazaqtimes.com/article/5246).

Ахмет Байтұрсынұлының әрбір еңбектеріндегі айтылған әр сөздің астарында терең сыр бар. Онда біздің бүгінгі ел құру жолында, ұлттық  санамызды жаңғыртып, заман көшінің бұйдасынан емін-еркін жетелеуге бағыт сілтеп, бағдар көрстетін бағалы сөздер  жетерлік.

Әділет Ахметұлы