Түтін иісі

Қылқобыздың зарындай шерге ілінген,

Жүрегім егіз болды сол бір үнмен.

Торғайға тобылғыдай пана болмас,

Айналайын дүние "кеңдігіңнен".

Топырағына тұз сіңген жерден бе еді,

Жағасынан ел көшкен көлден бе еді ?

Каусар жұттым, бал татып, зәмзәм іштім,

Басылатын түрі жоқ шөл мендегі.

Айтыңызшы, бұл шөлдің дауасы не,

Өзегімді тер басты қара сүмек.

Бір жазылсам жазылып кетермін мен,

Туған жердің бір жұтым ауасымен.

Сағыныш жанды жаулап, жетсе өзекке,

Сарсаң өймен түсесің жекпе -жекке.

Жан ұшыра жететін күн туар ма,

Көз көрім жерде тұрған көк белеске!

Көзіме көп жас қонды у қосылған,

Жалықтым, шын жалықтым бұл жосыннан.

Айдын-көлге қу мен қаз қайта қонар,

Кез болса, ел есейіп, шу басылған.

Тауға шықсам жанымды тау жұбатпас,

Салдыр - күлдір құлайды саудырап тас.

Жылқы иірген ақ жартас еске келді,

Барыс төс, алып тұлға, арғымақ бас.

Ел кездім, қала көрдім, ауыл көрдім,

Алашқа жақын, жекжат, бауыр болдым.

Баяны бұл дүниенің жоғын біліп,

Байағы ауыр ойдан жауыр болдым.

Қарлы қырқа аумайтын ақ парақтан,

Ақ адырды кезетін ақ тамақ таң.

Түтіннің де иісі өзгеше еді,

Отыны ақсоңке еді отқа жаққан.

Түтіні жан жұбатпай басқа ауылдың,

Жабығамын ішінде жас қауымның.

Табанымнан таусылдым таудан асып,

Тас-кереңдей қарайсың тас бауыр күн.

Айтыңызшы, бұл шөлдің дауасы не,

Өзегімді тер басты қара сүмек.

Бір жазылсам жазылып кетермін мен,

Туған жердің бір жұтым ауасымен.

***

Сағынштың мысалы

Өзегімді шөл емес, күйік басты,

Дәрумендер баспады, тиіп- қашты.

Түсімде тағы көрдім ескі жұртты,

Сарқырап бұлақ түскен биік тасты.

Түсіме жиі кірген сол ескі жұрт,

Қалды мені қалайда керексініп.

Аса маңғаз пішінде аттандырған,

Тым ғажайып бір күйге бөлеп тұрып.

Одан кетіп, ақыры мұнда жеткем,

Соңымнан қалмай еріп мырза көктем.

Анда- санда қоямын өлең жазып,

Сәтінде сол топырақ жыр дәметкен.

Қазығын баба қаққан тым арыдан,

Тарихын тасқа жазған мың алуан.

Сау адам да ақын боп кетер еді,

Мен туған топырақтың құнарынан.

Бізді алдап әкетті сөз керуен,

Көңілдегім ауырлау көздегіден.

Бақытты ақын болған ба бұл ғаламда,

Топырағы бұйырған өз жерінен.

Оянғанда ойлар мен ой қағысқан,

Туған жер, кел ақыным дейді алыстан.

Адамдар айта алмайды басқа мысал,

Топырақ, Жусан және Бейбарыстан.

Сағынштан саудырап күш, қаруым,

Езіледі өзгеше іш, бауырым.

Биік тасты іздеймін,  таба алмаймын,

Сонда жатқан секілді түп-тамырым.

***

Таңғы аңсар

Сары алтын дегеннен соң сабыр түбі –

Шыдайды барлығына жаным сірі.

Көкшілтім шашыратқы көрер болсам,

Сағынып кетем қатты Шабыртыны.

Шабырты қызыл тасты тау арасы,

Жарықтықтың ғаламат таза ауасы.

Төрт жағы таудан салған қорған сынды,

Ш абыртыдай ұлы жер жоқ ау осы.

Ондай жер табылмайды бұл ғаламнан,

Маңдайын алтын таңда нұрға малған.

Сай-салаға тоқ көңіл ел қонатын,

Түтіні кең аспанға шудаланған.

Шыңдармен құрсауланған көз көрім жер,

Қиясында қалды ғой кезбе күндер.

Жасаңда шашыратқы гүл ашатын,

Ғұмырға қош айтқанда өзге күлдер.

Шабырты –  күзеулігі біздің елдің,

Жартасынан мың жылғы ізді көрдім.

Көш жолына көбірек қарайтынбыз,

Ізіне түсу үшін ізгілердің.

Ең бақытты шақтарым қалды сонда,

А лғыс ал дейтін жұртым,  қарғыс алма.

Қара атанға артқан жүк қысылатын,

Бұйдалы көш жеткенде тар қысаңға.

Жер аңсаған лаулайды көңіл оттай,

Сыңар ішек жетім күй, әні жоқтай.

Соғылып қалып жүрмін осы өмірде,

Қысаң тасқа ұрылған шаңырақтай.

***

Қазақ  жері

Мен үшін таудан артық жоқ тамаша,

Тауды көрсем талпынам жас балаша.

Отарбаң жақсы көлік емес маған,

Боз жусанды адырға тоқтамаса.

Мінер ем ұшақ деген ұлы құсқа,

Аспанын Алтайымның тіліп ұшса.

Мен сонда зеңгір көктен өлең жазам,

Құдайы тым ғажайып құбылысқа.

Жыр жазу - арылудың жақсы амалы,

Топыраққа тырсылдап жас тамады.

Туған жерге жаяу-ақ тартар едім,

Шекараның алынса тас қамалы.

Биіктеп тас қорғаны шекараның,

Көрінбейді байтағым,  кең алабым.

Тұманды тау үнімді тұншықтырып,

Естіртпейді жанымның  көне зарын.

Балалығым,  бал күнім,  тай-құлным,

Тай-құлыным,  тұлпарым,  сайкүлігім.

Бір уыс топыраққа татымайды-ау,

Бәрін жисам әлемнің байлығының.

Асқар шыңын  аңсаумен Ағажайдың,

Жаңқасындай жарылдым қарағайдың.

Қара жорға дүлдүлді мінген жанды

Жұбатпайды әуені  "қамажайдың".

Алқынып ай жөңкіліп, өтуде күн,

Бірде бордай үгіліп бекудемін.

Қайғылы ауыр жырға қосып жүрмін,

Қазақтың  қаз қонбаған  жетім көлін.

Жетім көл,  жалғыз шоқы, жетім дала,

Рухы жерге кірген жесір қала.

Мұңыңды топырақтан оқып білдім,

Біз оңбай қателестік, кешір, Баба!

***

Туған жердің сүйегі

Үліңгірдің бетінен мұз сөгілді,

Бүршік ата бастады қыз _ тобылғы.

Ійісі туған жердің мұрын жарған,

Жанымнан жүз алыстап, жүз соғылды.

Сағыныш, ау сағыныш ырықты алдың,

Бұтағы күшіктеді шілік, талдың.

Көбесін босаңсытты шүлен сәуле

Алтайдың төсіндегі күміс қардың.

Ауан, ауан, ауан су, ағынды өзен,

Жайлаудай жадыраймын жазыңда мен.

Жұлқынған жыр секілді ақ шабақтар,

Ақ шағала, аққу құс, қазың да өлең.

***   ***   ***

Ақынның қыйыс ұшқан құсы жетім,

Көбірек кірудесің түсіме тым.

Ел  недесе о десін дейсің анам,

Бір түсінсең сен ғана түсінесің.

Анам менің өлген соң анам болдың,

Жұрт мені "қашқын" дейді, оған көндім.

Желеміктен тайсақтап қара қоға,

Жайлап жатыр жағасын жаман көлдің.

Алып өзен рухым ағындысың,

Сағыныш па едің сен, сағымбысың?!

О  туған жер көрсетіп сүйдім сені,

Адалдықтың әлемде бар үлгісін.

Білерсің, бор топырақ сортаң далам,

Сағынышы жоқтардан қорқам жаман.

Итөлген жер ашытсын иінімді,

Мен солай әділетті жол таңдағам.

Қайран қартаң Алтайдың қасқа белі,

Менің рухым дәл сондай асқақ еді.

Менің туған жерімнің үсті ғажап,

Бірақ, бірақ  бәрінен асты әдемі.

Кете білем, сағынам,  сүйе білем,

Дос көремін жалғанда жүйені мен.

Ол топырақ барады құнарланып,

Мені туған бабалар сүйегімен.

Рухтары мекендеп аспан жақты,

Басына жаудан жастық жастап жатты.

Сүтпен біткен мінезін сүйегі айтып,

Қатты затқа айналды тастан қатты.

Ау менің, ақ жайсаң бел, тау тұрағым,

Көз жасымды тежейді ар, шыдамым.

Менің тірі жүргенім рас болса,

Жер деген сағынышым _ жарты жаным.

Әділет Ахметұлы

 6alash ұсынды