Жақында шалқар радиосынан «Маралдың мүйізінен жасалған емдік өнім» жайлы арнаулы сұхбат берілді. Осы сұхбатта айтылған емдік өнімнен көрі, «Маралдың мүйізі» деген сөз менің назарымды айырықша бұрды. Себебі қазірге дейін бұғының мүйізі, маралдың үйі (маралдың жатыры, қазақ емшілігінде бала көтермеген әйелдерге дәрі ретінде ішкізеді) деген сөздерді көп естісем де, маралдың мүйізі деген сөзді тұңғыш естігендіктен, маған тым тосын сезілді.

Қазақ тілінде көбінде жалпы атау ретінде қосарланып айтылатын бұғы-марал сөзіндегі бұғы аталған аңның аталығын, яғни еркегін меңзесе, марал ұрғашысына қаратылады. Бұғының еркегін сұғын, ұрғашысын миғақ, тайншасын пәйкел (бүлдіршінді бура бұзар, пәйкелді бұғы бұзар) деп атайтыны да көп көңілінен өшкен жоқ. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде де маралға «Аша тұяқтылар тобына жататын сүт хоректі аң; бұғының ұрғашысы» (11 том, 72 бет, Алматы) деп сілтеме берлген. Ендеше, маралды неге бұғымен шатастырып жүрміз? Әлде әр өңірдегі қазақтар әр түрлі атай ма? бірақ бұған негіз жоқ, жылқының арқасында диалектсіз сөйлеген қазақтың марал мен бұғыны ала-құла атауы да ақылға симайды.

Атамыз қазақтың маралды бұғының ұрғашысы деп білгеніне айғақ болатын дәлелдер қазақтың қисса-дастандарында да бар. Мәселен, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» дастанындағы Қарабай мен Сарыбайдың хикаясында:

... Далада қонды бірге жолдас болып,

Түспейтін атқан оғы мерген екен.

Тәңертең саятына қарап тұрса,

Қолтыққа буаз марал кірген екен.

Маралды екеуі де көзі көрді,

Ырымдап әр бір түрлі ой жіберді.

...

Қасында Сарыбайға қарамайды,

Маралдың жаны шықпай ішін жарды.

Ішінен қос қодығы мөңіреп шықты,

Қодығын тыпырлатып бауыздайды,- деп келетін өлең жолдары бар.

Мұхтар Әуезов жариялаған ауыз әдебиеті нұсқаларындағы «Күдері Қожаның Қарқаралы тауымен қоштасуында»:

Ат жұре алмас аралдым,

Ішінде бұғы, маралдым.

Бұғы да марал жатқан жер,

Мергендер таңдап атқан жер,

Мерекеге батқан жер,- делінеді.

Атып тастап барады,

Бұғы мен марал, елікті.

Көрінгенін жібермей,

Құлан менен киікті,- деп Алпамыс батыр жырында да тілге алынған тіркестерге үңілсек, маралдың бұғының ұрғашысы екені бірден аңғарылады.

Танымал ақын Тынышбай Рақым «Алтайдың аржағынан келген ару» әнін жазғанда:

Сүйсіндім сымбатыңа, қабағыңа,

Ұқсаттым асқар Алтай маралына,- дегенде, Шынжаң телевизиясының танымал жүргізушісі Әминә Еркешқызын бұғының еркегіне ұқсатты деп түсінсек, қай жосынға сияды?! демек, қазақ тіліндегі марал сөзі көбінде бұғының ұрғашысына қаратылатыны анық.

2009 жылы Алматыкітап баспасынан жарық көрген «Қазақстанның қорықтары мен ұлттық бақтары» деген кітапта да мүйізі қарағайдай бұғының суретін беріп, астына марал, ағылшынша Cervus elaphus деп жазыпты. Суретіне қарасаң, біздің үнемі көріп жүрген сала-сала мүйізі бар, түсі сұры, мойын жүні қаралтқым кәдімгі бұғы. Ал Cervus elaphus атауын Wikipedia ашық сайтында қазақ тілінде кермарал, қытай тілінде бұғы, еуропа бұғысы, түрік тілінде қызыл киік, қырғызша бұғы деп түсіндіріпті. демек, бұл кітапта қазақша атауымен қатар, ағылшынша атауы да аусай алынған.

марал

Елік, бұлан, құдыр сияқты аңдарды қоса санасақ, бұғы тұқымдастарының ұзын саны отыздан асады. Алайда, оның бәрінің аты бар, оны бүгінгі таңда албаты бұрмалау қазақ тіліне жасалған қиянатпен тең екені айтпаса да түсінікті.

«Қазақстанның қорықтары мен ұлттық бақтары» демекші, осы кітапта тағы бір аңның атауы мүлдем қате алынған. «Сәлемнің де сәті бар» дегендей, реті келіп тұрған соң, оны да айта кетейік.

Жайра

Қазақ даласында аты бір-біріне өте жақын жайран, жайра деген екі жануар бар. Аталған кітапта осы екі аңды ажырата алмаған ба, жоқ емлелік қателік пе, кім білсін, кәдімгі сүт қоректілер класы, кеміргіштер отрияды тұқымдасына жататын, денесін тікенек басқан жайраның суретін беріп, қазақша «үнді жайраны» , ағылшынша Histrix Indica деп анықтама берген. Бір қызығы екі тілде жазылған бір атаудың баланың теріс киген аяқ киімі секілді екеуі екі жаққа қарап қалған. Нақтап айтқанда, қазақшасы жайран деп алынса, ағылшыншасы жайра деп жазылған. Әсілі мұның қазақшасы да жайран емес, жайра, яғни «үнді жайрасы» деп жазылса дұрыс болар еді. Екі атау бір әріптен ғана парықталғанымен, жайра (байырғы қазақтар тағылан деп те атаған) кірпіге ұқсаса, жайран киік тобына жататын, өте тез жүгіретін, қарақұйрықтан қалқынды аң. Ендеше, кітап редакторларының бұл ағаттығы мысық пен ешкіні айыра алмағандай күлкілі жағдай. Қазақстанда орысша атауына қарап, жайран дегеніміз қара құйрық деп соғатындар да көп. Алайда, қарақұйрық пен жайран екеуі де аша тұяқтылар тобына жатқанымен, екеуі екі басқа аң. Демек, аң-құс атауларын атағанда, жазғанда, сол аңның атына да, затына да мән берген дұрыс. Өйткені тілдегі бүгінгі қателік ертең көне атаулардағы ағаттыққа айналады.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

6alash ұсынады