Атқа мінген қазақтың сәні де, айбары да болған қамшының мәні терең. Себебі зергерлік пен терішілік өнердің туындысы саналатын қамшы досыңа берсең – сүбелі сыйлық, қолыңа ұстасаң – қаһарлы қару. Былайша айтқанда, қамшыға қазақ тілінің иірімі, ұлтымыздың эстетикалық көзқарасы, мифтік танымы, тұрмыстық қажеті жағынан қарайтын болсақ, ол – тек атты қамшылап жүргізетін құрал ғана емес, қадірін біліп бағалай білсең, тұла бойы қасиетке толы қастерлі бұйым.

Жақында Жапонияда тұратын бір танысым хабарласып, үйінің төріне ілетін сары ала қамшы тауып беруімді өтінді. «Елден алыс жүрген соң қазақты, қазақтың тұрмысын сағынады екенсің. Атам қайтыс боларда таутекенің мүйізімен саптаған сары ала қамшысын маған беріп еді. Мен оқуға кеткенде інім жоғалтып алыпты. Қазір атқа мінбесем де, төрімде сары ала қамшы тұрса, қандай керемет болар еді! Елордада қазақтың қамшысын сататын жер көп шығар, қарай жүрші» деп бұйымтайын айтқан соң, Нұр-Сұлтан қаласындағы қазақ тұрмысына қатысты естелік бұйымдар сататын дүкендердің біразына бардым. «Қамшы бар ма?» деп сұрасаң «бар» дейді де, жасанды былғарыдан добалап өріп, бір қарыс ағашқа немесе еліктің сирағына саптай салған дөрегей қамшыларды көрсетеді. «Бұл қамшы емес, ойыншық қой, кәдімгі тобылғымен немесе таутекенің мүйізімен саптаған сары ала қамшылар жоқ па?» десең бәрі бас шайқайды. Тіпті «сен қазақсың ба, қытайсың ба, қамшы деген осы ғой, елдің бәрі осыны алады» деп кері толғағандар да болды. Бұл жағдай маған біраз ой салды.

Соңғы кездері қамшы күн­делікті тұрмыста көп қолда­нылмағанымен, оны сәндік бұйым ретінде үйінің төріне іліп қоятын, дос-жаран, сыйлы адамдарға сыйға тартатын тамаша үрдіс қалыптасты. Қамшының сабына ақ байлап, жаңа түскен келіннің бетін қамшымен ашу дәстүрі де қаперден қағыс қалған жоқ. «Қамшыда қасиет бар, сары ала қамшы тұрған жерде жын-шайтан тұрмайды» дейтін мифтік қарас бойынша қамшыны қастерлеу де санамызға сіңген. Алыстағы досымның әдейі сары ала қамшы іздетіп тұрғанында да осындай мән бар. Осы тұрғыдан алғанда, «баланың ойыны, бақсының жыны» қылғандай, добалап жасаған бірдеңені ұлттық мұрамыз – қамшының орнында бағалау кім-кімді де «бұл нағыз қамшының құнын түсіріп жібермей ме?» деген ойға жетелейді.

Қамшы әбден иленген сиыр терісінен дайындалады. «Алты таспа бұзау тіс, былжырамай аттан түс» деп тақпақтайтын өрімшілер қамшыны көбінде алты таспадан ішіне өзек салып отырып өреді. 12, 16, 18, 22 тас­падан өретін өрімшілер де бар. Таспа саны көбейген сайын тас­пасы жіңішкеріп, өру әдісі де күрделене түседі. 12 таспадан жоғары өрілген қамшыларды өріп болғаннан кейін ешкінің мүйізінен жасалған сықуырдың көзінен өткізіп, қырын шығарды, оны таудың қызыл тобылғысымен, таутекенің мүйізімен саптап, әшекейлегенде өте әдемі кө­рінеді. Жаугершілік заманда қам­шының өзегіне темір салып, ұшына қорғасын құйып та өрген. Мұндай қамшылар керіп қойған атан өгіздің терісін бір тартқанда пышақтай тілсе, қарсы келген дұшпанды оса тартқанда аттан аударып түсірген. Өкінерлігі, қазақтың бұл қамшыгерлік өнері қазір жоғалғанын былай қойғанда, «Қазақ хандығы», «Жау жүрек мың бала», «Балуан Шолақ» сияқты тарихи киноларда да ескерілмей қалды. Қазақтың қамшыгерлігін көрсету былай тұрсын, би-батырлардың қолына ұстаған қамшылары да тым қо­раш, кедейдің шыбыртқысындай көріксіз.

Өрілу сапасы мен қырлау, саптау әдісіне және қолданылуына қарай қамшы атаулары да өзге­реді. Зерттеушілер қазірге дейін қамшының ат қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, сары ала қамшы, тобылғы сапты қамшы сияқты 40-қа жуық түрін атайды. Бірақ бұлар қазір мұражайларда болмаса, көп қазақтың қолынан табыла бермейді.

Жылқыны қолға үйреткен және оған қажетті ат әбзелдерін тапқырлап, қолданысқа енгізген біздің бабаларымыз. Бұл – тарихи деректер мен археологиялық қазбалар дәлелдеген шындық. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да айтылды. Ендеше жылқының отаны ретінде танылған Қазақстанда ат әбзелдерін ұлықтаудың да орайы келді. Әсіресе, қазақтың қамшысын ұлттық өнім ретінде базарға салса, оның қасиетін білетін әр қазақ сатып алатыны мұнда тұр. Ерекшелігін жақсылап таныстырып, әдемілеп жасаса, туристер де естелік бұйым ретінде алар еді. Осы тұрғыдан алғанда, аты қамшы болғанымен, заты түкке тұрғысыз өтірік өнімді жарнамалағанша, қазақтың нағыз қамшысын жарнамаласақ, салтымызға да, санамызға да ұлағат емес пе?!

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

astana-akshamy.kz